«Абай жаңа Қазақстанның бренді ретінде»

2020 жылдың 09 қаңтарында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» тақырыбындағы мақаласымен  «Өрлеу» БАҰО» АҚФ ББЖ ҚБАРИ «Педагогика және инклюзивті білім беру» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы танысты. Мемлекет Басшысының бұл мақаласы қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге арналған.

Мақалада ел Президенті халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кеткенін, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда екенін атап өтті. Президент қазақ ұлтын, руханияты мен мәдениетін әлемге Абай арқылы таныту керектігін баса айтты.

«Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деген ойлары біздің алдағы жұмыстарымызға бағыт-бағдар берері сөзсіз.

Сонымен қатар, мақалада ерекше атап өтілген ұстазға құрмет көрсету, мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру мәселелері де біздің білім сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстарымызға ықпал етеді.

Президенттің мақалада  айрықша атап өткен маңызды мәселелерінің бірі  ана тіліміздің дамыуы мен дәріптелуіне назар аудару, оның мәртебесін арттыру. Осы мәселелердің барлығы мақалада ұлы Абайдың еңбектерінен нақты мысалдар келтіре талдануы мақаланың маңыздылығын арттыра түскен.